264

Петропавлда 11-сынып оқушысы мектепте тапаншадан оқ атты

Білім басқармасы мен полиция оқиғаның барлық мән-жайын тексеріп жатыр.

Петропавлда 11-сынып оқушысы мектепте тапаншадан оқ атты
Shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавл қаласындағы Мұрат Айтхожин атындағы №1 орта мектептің 11-сынып оқушысы білім ордасына пневматикалық тапанша алып кіріп, бір рет оқ атқан.

Алдын ала мәліметке сәйкес, жасөспірім сыныптастарына өзінде пневматикалық қару барын бұрын айтып жүрген. Кейін соны «көрсету» мақсатында оқ атып, жылыту радиаторын зақымдаған. Оқиға туралы мектеп әкімшілігіне оқушылардың ата-аналары хабар берген.

СҚО білім басқармасы мектеп әкімшілігі жедел әрекет еткенін мәлімдеді.

«Мектеп әкімшілігі бірден шара қолданды. Мамандандырылған күзет қызметінің қатысуымен оқушы шақырылып, полиция мен ата-анасы хабардар етілді. Полиция келіп, затты сараптамаға алды. Бұған дейін бұл оқушы жанжалдарға араласпаған, тәртібі жақсы, үлгерімі қалыпты болған.

Педагогтар үшін бұл күтпеген жағдай болды. Оқушының өзі де мұндай реакция болады деп ойламаған. Бірден профилактикалық әңгіме жүргізілді. Алдағы жұмысты құқық қорғау органдары жалғастырады», – деді СҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

Аталған факті бойынша полиция тексеру жүргізіп, оқушының пневматикалық тапаншаны қалай және қайдан алғанын анықтап жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік шаралар қабылданған.

«Тексеру нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірім ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал оның заңды өкілі баланы тәрбиелеу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Сонымен қатар білім беру органдарына мұндай жағдайдың алдын алу үшін себептер мен жағдайларды жою жөнінде ұсыныс енгізілді.

Тексеру аяқталғаннан кейін оқу ұйымы лауазымды тұлғаларының және мектеп қауіпсіздігін қамтамасыз еткен күзет ұйымы қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады ведомство.

Материал авторы