Блогер 7 мың доллар жолдамамен жұмаққа баруға болатынын айтты (ВИДЕО)
Блогердің «ғылым дәлелдеді» деген уәж жалған болып шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, блогер Жанәділ Райымбековтің әлеуметтік желідегі мәлімдемелері қоғамда қызу талқы тудырды. Бұл жолы ол көпшіліктің назарын «жұмаққа жолдама» жайлы сөзімен аударды.
Egov.press Telegram-арнасында жарияланған видеода блогер кез келген адам 7 мың АҚШ долларына «жұмаққа жолдама» сатып ала алатынын көпшілік алдында айтып отыр.
Райымбеков бұған дейін де даулы пікірлерімен сынға іліккен. Instagram желісінде тараған подкаст үзіндісінде ол жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы ғылымға сай келмейтін тұжырымдар жасаған. Оның айтуынша, бірнеше серіктеспен жақын қатынаста болған әйел міндетті түрде инфекция таратушыға айналады, ал көп әйел алған ер адам мұндай ауруларды жұқтырып, өзгеге тарата алмайды. Блогер бұл пікірін «ғылым дәлелдеген» деп көрсеткен.
Аталған мәлімдемелерден кейін желі қолданушылары қатты наразылық білдірді. Көпшілік блогерді жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды талап етті.
Талқылауға қатысқан дәрігерлер Райымбековтің сөздерін біржақты теріске шығарды. Мамандардың айтуынша, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар адамның жынысына да, серіктестер санына да тәуелді емес, кез келген адамға жұғуы мүмкін.
Сонымен қатар блогер әйелін қызғанып, бақылауда ұстайтын ер адамдарды «абьюзер» деп атайтындарды ашық айыптады. Ол мұндай пікір ұстанғандарды «Аллаға күмән келтіретін және күнәға батқан адамдар» деп сипаттады.
Жанәділ Райымбеков өз жазбаларында шариғат талаптары ретінде көрсететін бірқатар мәлімдемелер де жасаған. Атап айтқанда, оның пікірінше, әйел адам күйеуінің рұқсатынсыз үйден шыға алмайды және өз табысын өз бетінше жұмсауға құқылы емес.
Блогердің жазбаларының астындағы пікірлер ашуға толы. Қолданушылар оның мәлімдемелері қазіргі құқықтық әрі этикалық нормаларға сай келмейтінін, сондай-ақ ғылыми негізі жоқ екенін атап өтуде.
Сарапшылар мұндай көзқарастарды кеңінен тарату қоғам үшін қауіпті екенін ескертеді. Жалған медициналық тұжырымдар адамдардың алдын алу шараларына салғырт қарауына алып келуі мүмкін. Ал отбасындағы толық бақылауды қалыпты құбылыс ретінде көрсету гендерлік теңдік пен адам құқықтарының негізгі қағидаттарына қайшы келеді.
Мамандардың пікірінше, діни риториканы кемсітушілікке негізделген көзқарастарды ақтауға пайдалану әлеуметтік шиеленіске жол ашуы ықтимал.
Осылайша Жанәділ Райымбековтің төңірегіндегі дау әлеуметтік желілерде жалған ғылыми және шектен тыс консервативті идеялардың еркін таралуы қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Материал авторы