SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 12 ақпанда Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы күрт бұзылады. Синоптиктер қатты жел, қар мен бұрқасын, тұман және көктайғақ болатынын ескертті.
Жетісу облысында, әсіресе Алакөл маңында солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы 23–28 м/с-қа дейін күшейіп, кей сәттерде 30 м/с-тен де асуы мүмкін. Облыстың шығысы мен таулы аумақтарында қар жауып, бұрқасын мен көктайғақ күтіледі. Талдықорғанда да тұман түсіп, жол тайғақ болады.
Алматы облысында, сондай-ақ Алматы мен Қонаев қалаларында көктайғақ пен тұман болжанып отыр. Шығыс бөлігінде жел екпіні 15–20 м/с-қа жетеді.
Ұлытау облысының солтүстігі, шығысы мен орталығында тұман күтіледі.
Қарағанды облысында түнде және таңертең тұман түседі, жел күшейеді. Кей аудандарда екпіні 20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде қар мен жаяу бұрқасын болжанады. Желдің екпіні кей уақытта 25 м/с-қа дейін күшейеді. Петропавлда да қатты жел күтіледі.
Ақмола облысында түнде қар аралас бұрқасын, көптеген ауданда тұман болады. Көкшетауда жел күшейеді.
Павлодар облысында түнгі уақытта жел екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді.
Қостанай облысында тұман күтіледі, солтүстік бөлігінде күндіз жел күшейеді.
Ақтөбе облысының бірқатар ауданында түнде және таңертең тұман болады.
Батыс Қазақстан облысында және Орал қаласында тұман түседі.
Қызылорда облысында тұман күтіледі, шығыс бөлігінде жел күшейеді.
Маңғыстау облысында тұман мен көктайғақ болжанып отыр. Ақтауда түнде және таңертең жолдар тайғақ болады.
Шығыс Қазақстан облысында түнде қар мен бұрқасын күтіледі, жел екпіні 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Облыстың оңтүстігінде тұман болады. Өскеменде ауа температурасы түнде 15–17 градус аязға дейін төмендейді.
Абай облысында түнде қар мен бұрқасын күтіледі, жел күшейеді. Семей қаласында ауа температурасы 19–21 градус аязға дейін төмендейді.
Жамбыл облысында оңтүстік-батыс, шығыс және таулы аудандарда қатты жауын-шашын (көбіне қар), бұрқасын, көктайғақ пен тұман болжанады. Тараз қаласында да қатты қар мен тайғақ болады.
Түркістан облысында, сондай-ақ Шымкент пен Түркістан қалаларында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, кей уақыттарда қатты қар, көктайғақ, жаяу бұрқасын және тұман күтіледі. Желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Синоптиктер бірқатар өңірде ауа температурасының күрт төмендейтінін де ескертеді. Солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда түнгі аяз 22–30 градусқа дейін күшеюі мүмкін.
RUS