Ақтаудағы резонанс видео «алып қашу» емес, отбасылық жағдай болып шықты
Қызды көлікке күштеп отырғызу видеосы бойынша ресми мәлімдеме жасалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда әлеуметтік желіде тараған «қызды алып қашу» туралы видеоға полиция ресми түсініктеме берді.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жарияланған бейнежазбаға байланысты тексеру жүргізілген, алайда қылмыс фактісі расталмаған.
Видеода тұрғындардың бірі «үйімнің алдында қызды алып қашып жатыр немесе ұрлап кетті, қатты қорқып, айқайлады» деп айтқаны естіледі. Кадрда көлік көрініп, қыздың айқайы жазылған.
Полиция дерегіне сәйкес, бейнежазбадағы қыз — кәмелет жасқа толған. Ол Атыраудан Ақтауға жақындарының келісімінсіз келген, біраз уақыт жұмыс істеп, телефон нөмірін ауыстырған.
Кадрда қызды көлікке отырғызғандар — оның анасы мен туыстары. Олар қызды туған үйіне алып кету үшін келген. Осылайша, бұл оқиғада «алып қашу» да, қыз ұрлау фактісі де болмағаны анықталды.
Құқық қорғау органдары жалған ақпараттың қоғамда негізсіз үрей туғызатынын айтып, тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.
Материал авторы