Талғардағы қанды оқиғаның алдын алмаған полицейлерге қатысты істер сотта қаралып жатыр
Учаскелік инспекторлар кішкентай қызды алып қашу мен кісі өлімі ісінің алдын алмаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының сотында Талғар ауданындағы ауыр қылмысқа байланысты екі учаскелік полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық істер қаралуда.
2025 жылғы 6 қыркүйекте Алматы облысының прокуратурасы Талғар аудандық полиция басқармасының қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 370-бабының 4-бөлігі – «лауазымды адамдардың әрекетсіздігі» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, полицейлер кәмелетке толмаған қызды алып қашып, ер адамды өлтірді деген күдіктіні уақтылы ұстау шараларын қабылдамаған.
Алматы облыстық сотының хабарлауынша, қазіргі таңда бұл фактілер бойынша екі бөлек іс сотта қаралып жатыр және бұрынғы полиция қызметкерлеріне тағылған айыптар қайта сараланған.
Талғар аудандық сотында Е. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі («салғырттық») және 369-бабының 2-1-бөлігі («қызметтік жалғандық жасау») бойынша қаралып жатыр. Іс сотқа өткен жылдың соңында түскен. Істі Талғар аудандық сотының судьясы Төлебек Срайылов қарап жатыр. Айыпталушыға «ешқайда кетпеу туралы» қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Ал екінші іс Д. есімді азаматқа қатысты қозғалып, ол Қылмыстық кодекстің 433-бабының 3-бөлігі – «қылмыстық құқық бұзушылықты қасақана жасырып қалу» бойынша айыпталып отыр. Облыстық соттың мәліметінше, екі іс те ашық сот отырысында қаралуда.
Еске салсақ, 2025 жылғы 6 қыркүйекте Талғар ауданында ауыр қылмыс тіркелген. Тергеу дерегіне сәйкес, күдікті ер адам әйелмен бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Екеуінің арасында жанжал туындап, ол әйелдің ағасын атып өлтірген. Сонымен қатар күдікті кішкентай қызды алып кеткен.
Кейін полицияның арнайы жасағы қызды босатып, күдіктіні ұстаған. Зардап шеккен балаға медициналық көмек көрсетіліп, ота жасалған.
Аталған қылмысқа қатысты негізгі іс 2025 жылғы 17 қарашада сотқа жолданған. Ал 4 желтоқсанда Қаскелең қаласында өткен алдын ала сот отырысында судьяның шешімімен іс жабық режимде қаралатын болған.
Материал авторы