Алматыда итті шынжырмен көлікке байлап, жолға сүйреткен
Полиция жүргізушінің жеке басын анықтап, жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда көлікке шынжырмен байланған итті жол бойымен сүйреткен оқиға бойынша полиция тексеріс жүргізіп жатыр.
Оқиға 12 ақпанда Алматы қаласындағы Алатау шағынауданында болған. Куәгерлердің айтуынша, қатар келе жатқан екі көліктің біріне ит шынжырмен байланып, асфальт үстімен сүйретіліп кеткен.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан жануардың қатты әлсірегені, тұмсығы мен аяқтарында қан іздері бар екені анық көрінеді.
Жағдайды сол маңдағы тұрғын әйел тоқтатқан. Ол көліктердің соңынан қуып жетіп, жүргізушіні тоқтауға мәжбүрлеп, полиция шақырған.
Қазір ит тірі. Ол ветеринарлық клиникаға жеткізіліп, тексеруден өтті. Алдын ала мәлімет бойынша, жануар бұрынғы иесіне қайтарылмайды.
Алматы қаласының полиция департаменті бұл дерек бойынша тексеріс басталғанын хабарлады.
«Көлік иесінің жеке басы анықталды. Ол жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Материал авторы