376

«Үш баланың әкесі»: Алматыда автомалярды ұрып кетті (ВИДЕО)

Ер адамды көлік жөндеу орталығы маңында ұрып-соққан.

«Үш баланың әкесі»: Алматыда автомалярды ұрып кетті (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы көлік жөндеу орталығы маңында автокөлік бояушысын белгісіз адамдар соққыға жықты. Оқиға туралы алғаш болып Halyqstan хабарлады.

Оқиға Алматы қаласындағы көлік жөндеу шеберханаларының бірінің маңында болған. Куәгерлердің айтуынша, ер адамға бірнеше адам жабылып, күш қолданған. Қазір жәбірленуші ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр.

Жағдайға қатысты оның 21 жастағы ұлы пікір білдірді. Айтуынша, әкесіне жасалған шабуылды бейнелейтін бейнежазба өзіне жолданған. Сол сәттен бері отбасы мүшелері үлкен күйзеліске түскен.

Туыстары әлеуметтік желіде тараған «ер адам қайтыс болды» деген ақпаратты жоққа шығарды. Олардың мәліметінше, дәрігерлер жәбірленушінің жағдайын аса ауыр деп бағалап отыр.

Отбасының айтуынша, зардап шеккен азамат – үйдегі жалғыз асыраушы. Оның үш баласы бар, соның екеуі кәмелет жасына толмаған. Отбасы жалдамалы пәтерде тұрады, ал жұбайының өкпе дерті бар.

Істі Түрксіб аудандық полиция басқармасы тіркеп, адам денсаулығына ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Полиция мәліметінше, күдікті анықталып, ұсталған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тергеу барысы Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу нәтижесі бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.

Материал авторы