390

Dala.Camp Forum 2026 аясында мал шаруашылығы саласындағы жобалардың питчингі өтті

Халықаралық форумның шорт-листіне қандай жобалар кірді?

Dala.Camp Forum 2026 аясында мал шаруашылығы саласындағы жобалардың питчингі өтті
Dala.Camp Forum 2026

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша,  14 ақпанда Dala.Camp Forum 2026 халықаралық мал өсірушілер форумының іскерлік бағдарламасы аясында Livestock Pitch – мал шаруашылығы және онымен байланысты салалардағы жобалардың мамандандырылған питчинг сессиясы өтті.

Livestock Pitch кәсіпкерлер, жоба құрылтайшылары және инвесторлар арасындағы тікелей кәсіби диалог кеңістігіне айналды.

Форматта конкурстық модель немесе жүлделі орындарды бөлу қарастырылмаған. Негізгі міндет – бизнес-модельдерді, экономиканы, ауқымдылықты және сала үшін шешімдердің нақты қолданылуын талқылау болды.

Жобаларды іріктеу және бағалау қалай жүргізілді?

Жобаларды бағалауды және сараптамалық кері байланысты форумның инвестициялық комитеті қамтамасыз етті:

Азамат Орумбаев – Kusto Agro бас директоры

Ғаббас Ержанов – «QIC» АҚ басқарма төрағасының инвестициялық қызмет жөніндегі бірінші орынбасары

Әсел Шитенова – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ клиенттермен жұмыс дирекциясының аға банкирі

Думан Әубәкіров – CEO, Private Equity Fund Jelken Management Ltd

Сессияның модераторы Zengi Group стратегиялық кеңесшісі Сандуғаш Кенжебаева болды.

Livestock Pitch-ке қатысуға MVP, пилоттық немесе ерте өсу сатысындағы стартаптар да, масштабтауға, инвестициялауға немесе серіктестікке мүдделі операциялық қызметі, кірісі және активтері бар белсенді компаниялар да шақырылды.

Жобаларды іріктеуді форумның ұйымдастыру комитетінің сараптамалық тобы бекітілген регламент негізінде жүзеге асырды. Іріктеу қорытындысы бойынша форумның іскерлік бағдарламасы аясында ұсынылған 7 жобадан шорт-лист жасалды.

Livestock Pitch шорт-листі

Питчингтің шорт-листіне цифрлық платформалар мен технологиялық шешімдерден бастап, толық циклді өндірістік бастамаларға дейінгі дамудың әртүрлі кезеңдеріндегі жобалар кірді.

1. Agrowiki платформасы

AgroWiki – фермерлерді, ветеринарлық қызметтерді және бордақылау шаруашылықтарын біртұтас экожүйеге біріктіретін, Қазақстандағы мал шаруашылығын кешенді автоматтандыруға арналған цифрлық платформа.

Шешім саланың ашықтығы мен тиімділігін арттыра отырып, мал басын есепке алу, вакцинация, аналитика, электрондық сертификаттар және AI-қолдау функциялары бар мобильді қосымша мен веб-порталды қамтиды.

Платформа нарыққа 150 мыңнан астам фермерлік шаруашылыққа бағдарланған және өңірлер бойынша кезең-кезеңмен масштабтауды, экспорттық бағыттарға шығуды көздейді.

2. Pisken Et жобасы

Pisken Et – фермерлердің маусымдық тәуелділігін төмендетуге және қосылған құны жоғары өнімді жасауға бағытталған қой етін стандартталған өңдеудің B2B моделі.

Температура, уақыт және салмақ бойынша басқарылатын термоөңдеу технологиясы 50–59% тұрақты өнімділікті қамтамасыз етеді және ет құрылымы мен сапасын сақтай отырып, суық тізбексіз сақтауға мүмкіндік береді.

Жоба аймақтық хабтар мен франчайзинг арқылы жүзеге асырылады. 10–20 фермерді бірыңғай стандарт, өңдеу және сату, одан кейін экспорттық масштабтау жүйесіне біріктіреді.

3. «Сорго» толық циклы

«Сорго» толық циклы – Қазақстанда құмай жүгері өндірісін, сақтауды және өңдеуді біріктіретін «Амангелді Агро» ЖШС, «СаудаСнаб» ЖШС және «АБН Технология» ЖШС компаниялар тобының тігінен интеграцияланған агроөнеркәсіптік моделі.

3 500 гектар жерде заманауи агротехнологияларды қолдану арқылы жоғары өнімділікке қол жеткізілді. Қазіргі өндіріс көлемі – жылына 5 мың тонна, өсу әлеуеті – 100 мың тоннаға дейін. Экспорттық сұраныс қалыптастырылған.

Жоба қуаттылығы 40 мың тоннаға дейінгі мамандандырылған элеватор салуды және агротехнологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін тұқым зауытын іске қосуды көздейді.

4. EtCoin токендеу жобасы

EtCoin – кез келген көлемдегі аграрлық жобаларды дамыту үшін жаңа капитал тартуға арналған технологиялық платформа. Жоба блокчейн технологиясын қолдану арқылы жүзеге асырылады.

Платформа реттелетін экожүйе аясында жергілікті және шетелдік инвесторлар үшін қолда бар активтер мен болашақ кірістерді кепілге қоюды жеңілдетеді және жеделдетеді.

5. JAILAU жобасы

JAILAU – ферманы цифрлық басқаруға арналған агробизнеске бейімделген ERP-платформа.

Жүйе малды толық бақылауды, операциялық процестерді автоматтандыруды және басқарушылық шешімдер үшін аналитиканы қамтамасыз етеді.

6. 5000 басқа арналған қой шаруашылығының репродукторы

Жоба асыл тұқымды мал өсіруге және отардың генетикалық әлеуетін жақсартуға бағытталған, 5 000 басқа дейінгі қой шаруашылығы репродукторын құруды көздейді.

Бастама ет бағытындағы сапалы шикізат базасын қалыптастыруға және өнімділікті арттыруға бағытталған. Экспортқа стратегиялық назар жағдайында жоба асыл тұқымды жұмысты стандарттауға және ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.

7. OrdaCore маркетплейсі

OrdaCore – Алматы тұрғындарына фермерлік өнімді тікелей жеткізуді қамтамасыз ететін, серіктестер мен қалалық хабтар желісі арқылы басқарылатын логистикасы бар «Ферма → Есік» форматындағы маркетплейс.

Платформа фермерлерге GMV-нің 70%-на дейін қайтарым береді, делдалдарды алып тастайды, 100% қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды және QR-таңбалау мен автоматты төлем сплиті арқылы толық қадағалану жүйесін енгізген.

Платформа қазірдің өзінде іске қосылған. 16 функционалды модуль енгізілген. Маркетплейс өрістен тұтынушының есігіне дейін ашық, заңдастырылған және масштабталатын экожүйе қалыптастырып, Қазақстанның азық-түлік логистикасының жаңа цифрлық инфрақұрылымын құруға бағытталған.

Форумды ұйымдастырушылардың айтуынша, Livestock Pitch саладағы кәсіпкерлік белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетті және Қазақстанның мал шаруашылығы цифрландыруға, тік интеграцияға, қаржы құралдарына және экспорттық дайындыққа бет алғанын айқындады.

Dala.Camp Forum 2026 жалпы алғанда ет өнеркәсібінің болашағы туралы әңггімені құр теориядан жұлып алып, нақты жобалар, инвестициялық модельдер мен практикалық шешімдер алаңына айналдырды.

Іс-шара Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, АҚШ, Бразилия, Нидерланды, Франция, БАӘ және Түркияны қоса алғанда, 11 елден 250-ге жуық делегатты біріктірді.

Материал авторы