Петропавлда жеңіл көлік пен КамАЗ тұрғын үйге кіріп кеткен (ВИДЕО)
Өңірде қатарынан екі жол апаты тіркелді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавл қаласындағы Жұмысшы кентінде небәрі үш күннің ішінде екі жол-көлік оқиғасы тіркеліп, екі бірдей көлік жеке тұрғын үйлерге соғылды.
Алғашқы оқиға 12 ақпанда Панфилов көшесінде, Петропавл қаласында болды. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті мәліметінше, 64 жастағы КАМАЗ жүк көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, тұрғын үйдің қабырғасына соғылған.
Полицияның хабарлауынша, жол апаты салдарынан ешкім зардап шекпеген. Жүргізушінің мас күйде болмағаны анықталған. Аталған дерек бойынша жол қозғалысы ережесін бұзу және мүлікке залал келтіру фактісімен әкімшілік материал тіркелді.
Екінші жол-көлік оқиғасы 14 ақпанда осы Жұмысшы кентіндегі Украинская көшесінде болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, Subaru Legacy маркалы автокөлік тұрғын үйге соғылып, үй ішіне жартылай кіріп кеткен.
Бұл жолы жүргізуші медициналық көмекке жүгінген. Басқа зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері екі оқиға бойынша да барлық мән-жайды анықтап жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Материал авторы