469

Өзге адамды жерлеген: Таразда «қайтыс болды» деген зейнеткер тірі боп шықты

Құрбан айттан кейін жоғалған әжей үйіне оралды.

Өзге адамды жерлеген: Таразда «қайтыс болды» деген зейнеткер тірі боп шықты
ЖИ иллюстрациясы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Тараз қаласында бір жыл бұрын «қайтыс болды» деп тіркелген зейнеткер әйел тірі күйінде табылып, сот оның өлімі туралы құжатты күшін жойды.

1953 жылы туған Жамбыл облысының тұрғыны ресми түрде қайтыс болған деп танылып, өлім туралы куәлік берілген және азаматтық хал актілеріне тиісті жазба енгізілген. Алайда арада бір жыл өткенде әйел аман-есен үйіне оралған.

Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың тамызында зейнеткер әпкесінің қолына көшу үшін Таразға кеткен. Ал 2025 жылы Құрбан айттан кейін ол байланыссыз жоғалып кеткен. Туыстары полицияға арызданған.

2025 жылдың тамызында ауыл маңындағы алқаптан әйел адамның мәйіті табылып, қылмыстық іс қозғалған. Марқұм деп танылған адамның денесін жоғалған әйелдің қызы мен ұлы таныған. Осыдан кейін өлім туралы акт жазбасы тіркеліп, ресми куәлік берілген.

Алайда 2025 жылдың қыркүйегінде «марқұм» атанған әйел кенеттен Жамбыл ауданындағы Қостөбе ауылында ағасының үйіне келген.

Марқұм деп танылған азаматтың қызы сотқа жүгініп, анасының өлімі туралы акт жазбасын жарамсыз деп тануды және оның құқықтық мәртебесін қалпына келтіруді сұраған.

Жамбыл аудандық соты істі қарау барысында табылған мәйіттің басқа адамға тиесілі екені анықталған. Полиция эксгумация жүргізіп, қосымша сот-медициналық және генетикалық сараптама тағайындаған. Нәтижесінде шын мәнінде қайтыс болған адамның жеке басы анықтылып, қылмыстық іс тоқтатылған.

Сот отырысында әйелдің өзі Құрбан айттан кейін Айша бибі ауылы маңына барып, маусымдық жұмысқа орналасқанын, сол жерде әріптесінің үйінде тұрғанын айтқан. Оның сөзінше, зейнетақы төлемі тоқтаған соң себепті анықтау үшін Таразға келгенде, өзін ресми түрде «қайтыс болғандар» қатарында тіркеп қойғанын білген.

Сот талап-арызды қанағаттандырды. Өлім туралы куәлік жарамсыз деп танылып, азаматтық хал актілеріндегі жазба күшін жойды. Шешім заңды күшіне енді.

Материал авторы