Алматы әуежайына 2,1 млн теңгеден астам айыппұл салынды
Алматы халықаралық әуежайы сот шешімімен айыппұл төлеуге міндеттелді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы халықаралық әуежайы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны және уәкілетті органның нұсқамасын уақытында орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әуежайға 2 162 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 11 қарашада Турксіб ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы әуежайға бірқатар заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берген. Алайда белгіленген мерзім – 2026 жылғы 9 қаңтарға дейін талаптар толық орындалмаған.
Тексеру барысында өрт қауіпсіздігі нормаларына қайшы жайттар анықталған. Атап айтқанда, контейнерлер ғимараттар мен құрылыстарға белгіленген 18 метрден жақын орналастырылған. Сонымен бірге халықаралық Т-2 терминалының багаж бөлігінде жүргізілген көлемдік-жоспарлық өзгерістер автоматты өрт дабылы мен өрт сөндіру жүйелерінің қамту аймағын қысқартқан.
Нұсқаманың орындалмағаны жоспардан тыс бақылау тексерісі кезінде белгілі болды. Осы деректер негізінде әуежай Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылды.
Сот әуежай қызметін тоқтату түріндегі қосымша жаза қолданбауды жөн деп тапты. Себебі мұндай шара әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан елеулі салдарға әкелуі мүмкін.
Іс материалдары Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты порталындағы «Сот кабинеті» жүйесінде жарияланған.
Материал авторы