SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Тараз қаласында өтіп жатқан сот процесінде қазаға әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша айып тағылған Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді.
Істі қарау барысында қорғау тарапы қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтаруды сұрады. Адвокаттың айтуынша, жүргізілген сараптамалар апаттың нақты себебін біржақты анықтай алмаған. Ол көліктің төрт дөңгелегінің де зақымданғанын алға тартып, бұл жағдай көлікті басқаруға тікелей әсер етіп, апатты болдырмауға мүмкіндік бермеген болуы мүмкін деп есептейді. Осыған байланысты қосымша кешенді сараптама тағайындау қажеттігі айтылды.
Алайда мемлекеттік айыптаушы бұл өтінішті қанағаттандырмауды сұрады. Прокурор сотқа дейінгі тергеу кезінде айыпталушы кінәсін мойындағанын және барлық қажетті сараптамалар жүргізілгенін жеткізді.
Сот қорғаушының өтінішін қанағаттандырмады. Судьяның ұстанымынша, бұл кезеңде істі қайта тергеуге жіберу ерте, дегенмен аталған мәселе негізгі сот талқылауы барысында қайта көтерілуі мүмкін.
Қазіргі уақытта Гүлайым Рахмонова елден кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр.
Еске салсақ, қайғылы жол апаты былтыр жазда Жамбыл облысы аумағында болған. Ресми мәліметке сәйкес, көлік тізгінінде спортшының жұбайы отырған. Оқиғаға қатысты ақпаратты ҚазАқпарат агенттігі таратқан.
Тергеу нұсқасына сәйкес, әйел жолға әпкесі, ұлы және құрбысымен бірге шыққан. Көлікті түні бойы өзі басқарған, қатты шаршағанына қарамастан рөлді басқа адамға бермеген. Соның салдарынан жүргізуші басқаруды жоғалтып, көлік сол жаққа қарай шығып, қоршауға соғылған, кейін қарсы бағыт жолағына өтіп аударылған.
Оқиға салдарынан 39 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір әйел жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Жүргізуші мен оның баласы ауруханаға жеткізілген.
Іс қазір Тараз қаласының сотында қаралып жатыр.
RUS