SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, балалық шағында бір-бірінен ажырап қалған үш ағайынды мен бір қарындас 54 жылдан кейін қайта табысты. Тағдыр тәлкегіне түскен туыстардың қауышуы Орал қаласында болды. Ағайындылардың тағдырын табыстырған оқиға туралы Astana TV телеарнасы сюжет жариялады.
Анықталғандай, аналары қайтыс болғаннан кейін төрт бала әртүрлі балалар үйіне жіберілген. Үшеуі Ақтөбе қаласына, ал ең кенжесі – Аманбек Оралға жіберілген. Ол кезде оның есту және сөйлеу қабілетінде ақау болып, әлеуметтік бағыттағы интернатқа орналастырылған.
Жылдар өте үлкен ағасы барлық бауырын табуды өзіне мақсат еткен. Екі бауыры мен қарындасын тауып үлгергенімен, Аманбекті іздеу ең күрделі болған. Ол бұл үшін телебағдарламаға да жүгінген, әлеуметтік желілер арқылы да іздеген. Алайда нәтиже шықпаған. Іздеу барысында Жди меня жобасына да өтініш берген.
Аманбекті табуға оның тегінің өзгеруі үлкен кедергі келтірген. Құжаттағы деректер сәйкес келмегендіктен, туыстық байланысты растау ұзақ уақыт тексерілген. Тіпті өзін оның туысымын деп таныстырып, ақша сұраған алаяқтар да болған.
Қазір 57 жастағы Аманбек денсаулығына байланысты қырық жылдан астам уақыт бойы Орал қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мекемесінде тұрып келеді.
Орталық басшылығының айтуынша, Аманбек әрдайым өзінің ағалары бар екенін айтып жүрген. Туыстарымен жүздескеннен кейін оның жағдайы айтарлықтай өзгеріп, күн сайын ағайындарымен телефон арқылы сөйлесіп отыр.
Енді туыстары оны жақын арада өз үйлеріне алып кетуді жоспарлап отыр. Жарты ғасырдан аса уақыт айырылыста өткен өмірдің орнын ағайындар енді бірге толтыруға ниетті.
RUS