Алматыда оқушылар сабақтарды тоқтату үшін «бомба» туралы жалған хат таратқан
Үш оқушының әрекеті қылмыстық іске жетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда мектеп оқушылары сабақтарды тоқтату мақсатында жалған «бомба қою» хабарын таратты.
Полиция мәліметі бойынша, үш оқушы бұзақылық ниетпен мектептегі оқу процесін бұзу үшін жарылғыш құрылғы қойылды деген жалған хабар таратқан. Дегенмен ақпарат расталмады.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру барысында оқушылардың әрекеті саналы екені анықталды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, олардың ата-аналары да, заңды өкіл ретінде, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алматы қалалық полиция департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Анес Қалдыбаев бұл әрекеттер «қарапайым әзіл» емес екенін ескертті:
«Жалған бомба қою немесе терроризм қаупі туралы хабар — құқықбұзушылық. Мұндай жағдайда шұғыл қызметтер әрекетке кіріседі, сабақтар тоқтатылады, білім беру ұйымдарының жұмысы бұзылады», — деді ол.
Полиция ата-аналарды балалардың интернеттегі белсенділігіне, достарына назар аударып, құқықтық салдарын түсіндіру қажеттігін ескертті. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтарды алдын алу жұмыстары қауіпсіздік пен цифрлық сауаттылықты арттыру шаралары аясында жалғасуда.
Материал авторы