«Ұрлаймын» деп қорқытқан: Астанада бейтаныс ер адам 8 жастағы қызды көшеде ұрлап әкетпек болды
Елордада 8 жасар қызға шабуыл жасалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада 8 жастағы қызды белгісіз ер адам көшеде күштеп ұстап әкетпек болды. Оқиға елорданың Сарыарқа ауданы аумағында, Республика даңғылында тіркелген.
Баланың анасының айтуынша, бейтаныс ер адам қызын қолынан тартып ұстап, «ұрлаймын» деген сөз айтқан. Қызды жанында жүрген екі бала аман алып қалған. Олар бірден айқайлап, көмекке шақырған. Дауысқа сескенген күдікті қызды қоя беріп, оқиға орнынан қашып кеткен.
Анасы бұл жайттан кейін полицияға арыз жазғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, егер сол сәтте басқа балалар жанында болмағанда, жағдайдың немен аяқталары белгісіз еді.
Күдікті шамамен 30–35 жаста, арықша келген. Үстінде қара түсті қысқа күртеше, қара бас киім және қара шалбар болған.
Бұл ақпаратты полиция растады. Құқық қорғау органдары күдіктінің жеке басын анықтау үшін жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Тергеу нәтижесіне қарай құқықтық баға берілмек.
Сонымен қатар, анасы осы аумақтағы дүкендер, дәмханалар мен бутиктер иелеріне бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексеріп, кез келген ақпаратты полицияға хабарлауға шақырды.
Материал авторы