«Омырауымнан ұстап алды»: Алматыда гүл жеткізген курьер қызға қол жүгірткен (ВИДЕО)
Қыз курьерді әрекетін жыныстық сипаттағы тиісті деп айыптады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда гүл жеткізу қызметінің курьері қыз баланы әдепсіз әрекетке барғаны үшін айыпталып отыр.
Оқиға 14 ақпанда Алматы қаласында болған. Қыздың айтуынша, курьер жеткізу уақытын алдын ала келіскен. Кешкі уақытта есікті ашып, гүлді қабылдап жатқан сәтте курьер пәтерге кіріп, рұқсатсыз жақындап, әдепке жат қылық жасаған.
Жәбірленушінің сөзінше, ол қатты күйзеліске түсіп, курьерді бірден пәтерден шығарып жіберген. Кейін ер адамға заң алдында жауап беретінін ескертіп хабарлама жолдаған. Алайда курьер дөрекі жауап беріп, «ештеңе дәлелдей алмайсың» деген мазмұнда жазған. Біраз уақыттан соң ол қоңырау шалып, болған жағдайды «түсініспеушілік» деп атаған.
Қыз бұл оқиғаның жеке кеңістігі мен қауіпсіздігіне тікелей қол сұғу екенін айтады. Оның пікірінше, курьердің әрекеті тұрмыстық жанжал емес, жыныстық сипаттағы тиісу ретінде бағалануы тиіс.
Алғашында әлеуметтік желідегі бейнежазбада курьер Yandex сервисіне тиесілі деп көрсетілген. Кейінірек жәбірленуші нақтылағандай, ол inDrive платформасы арқылы жұмыс істеген курьер болып шыққан.
Қыздың айтуынша, ол сол күні полицияға арыз жазған. Курьердің жеке басын анықтау біраз уақытқа созылған. Кейін белгілі болғандай, ол inDrive арқылы жұмыс істеген және тергеу кезінде өз кінәсін мойындамаған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, азаматшаның шағымы бойынша материал тіркеліп, ер адам анықталып, полицияға жеткізілген. Қазір жәбірленуші мен екінші тараптың түсініктемелері тексеріліп, оқиғаның барлық мән-жайы зерделеніп жатыр.
Бұл жөнінде Алматы қалалық полиция департаменті өкілдері хабарлады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс емес, әкімшілік өндіріс қозғалған. Материалдар сотқа жолданған.
Ал inDrive компаниясы оқиғаға байланысты ішкі тексеріс басталғанын мәлімдеді. Сервис өкілдерінің айтуынша, жағдайдың барлық мән-жайын анықтау үшін қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.
Материал авторы