Тізесіне қайта ота жасалған Шавкат Рахмоновтың жағдайы белгілі болды
Шавкатқа қосымша операциядан кейін толық жаттығуға тыйым салынған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың қазіргі физикалық және психологиялық жағдайы белгілі болды. Бұл туралы оның командасының бас бапкері — DAR Team клубының жетекші жаттықтырушысы Эдуард Базров мәлімдеді.
Бапкердің айтуынша, спортшының жалпы хал-ахуалы тұрақты.
«Шавкаттың физикалық әрі эмоциялық жағдайы қалыпты. Бірақ әзірге мүлде жаттығуға рұқсат жоқ. Қазір тек аяғын қалпына келтірумен, оңалту және емдік процедуралармен ғана айналысып жүр. Толыққанды жаттығу процесіне қатысуға әлі ерте», – деді Базров.
Қаңтардың соңында Рахмоновтың тізесіне тағы бір ота жасалғаны белгілі болған. Соған байланысты оның октагонға оралу мерзімі кемінде тағы 10 айға шегерілді.
Осылайша спортшының үзілісі қазіргі есеппен 1 жыл 2 айға созылып отыр. Егер жоспарланған мерзімде қайта оралса, жалпы үзіліс уақыты шамамен екі жылға жуықтайды.
Рахмоновтың соңғы жекпе-жегі 2024 жылдың желтоқсанында өткен. Ол кезде қазақстандық файтер ирландиялық спортшы Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген еді.
Қазіргі таңда Шавкат UFC рейтингтерінен уақытша шығарылған.
Материал авторы