SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина денсаулығына байланысты Dubai Tennis Championships турниріндегі матчты аяқтай алмады.
Әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған қазақстандық теннисші жарысқа бірінші нөмірлі фавориті ретінде қатысып, екінші айналымнан бастады әрі алғашқы кездесуін сәтті өткізген.
Келесі кезеңде Рыбакина хорватиялық теннисші Антония Ружичпен кортқа шықты. Бірінші сет қазақстандық спортшының пайдасына 7:5 есебімен аяқталды. Екінші партияда қарсыласы 6:4 есебімен басым түсті.
Шешуші үшінші сет барысында Ружич бір гейм ұтып үлгергеннен кейін Рыбакина медициналық көмекке жүгінді. Спортшы өзін жайсыз сезінетінін, сондай-ақ матч алдындағы түнде ұйқысы дұрыс болмағанын айтқан. Дәрігерлер кеңесінен соң ол кездесуді жалғастырудан бас тартты.
Осылайша, қазақстандық теннисші Дубайда турнирдегі өнерін мерзімінен бұрын аяқтады. Өткен маусымда Рыбакина бұл жарыста жартылай финалға дейін жеткен еді. Сондықтан биылғы жарыстан кейін оның рейтингтік ұпайларының бір бөлігі қысқарады.
RUS