SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде кәмелетке толмаған жасөспірімнің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді. Ақпаратты Ақтөбе облысының полиция департаменті жеткізді.
Оқиға Ақтөбе қаласында 15 ақпан күні болған.
Полиция мәліметінше, 8-сынып оқушысы мопедпен келе жатып, Honda маркалы жеңіл автокөлікпен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан мопедтің 2010 жылы туған кәмелетке толмаған жолаушысы жарақат алып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Тексеру барысында мопедтің мемлекеттік тіркеу нөмірі болмағаны анықталған. Сондай-ақ 14 жастағы жүргізушінің көлік басқару құқығы жоқ екені белгілі болды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мопед жүргізуге тек 16 жастан бастап және «A1» санатындағы жүргізуші куәлігі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Оқиғаға қатысқан көліктер коммуналдық айып тұрағына қойылды. Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырып, кәмелетке толмағандардың көлік құралдарын заңсыз басқаруына жол бермеу қажеттігін ескертті. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мопед міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс.
RUS