SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында арнайы сотта екі ер адамның психотроптық заттарды заңсыз өндіру және сату әрекеттері бойынша іс қаралды.
Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қаңтарынан бастап күдіктілер белгісіз тұлғаның нұсқауымен Самар ауданына үй сатып алып, оны психотроптық заттарды өндіруге арналған жабдықтармен жабдықтап, зертхана ретінде пайдаланған.
Шығыс Қазақстан облысының ҰҚК қызметкерлері күдіктілерді ұстаған сәтте лабораторияда «α-PVP, α-пирролидиновалерофенон» психотроптық заттарының жалпы салмағы 76,393 кг тәркіленді.
Прокурор сотта ер адамдарды ҚР ҚК 297-1-бабының 3-бөлімі 1 және 3 тармақтары бойынша кінәлі деп тануды және әрқайсысына 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл бап бойынша жаза — 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу.
Сот күдіктілердің өз кінәсін толық мойындауын, шынайы өкінуін, біреуінің кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, жаза жеңілдететін жағдай ретінде қабылдады. Қатаңдататын жағдайлар анықталмады.
Сот үкімі бойынша ер адамдар кінәлі деп танылып, әрқайсысына 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Лабораториядағы жабдықтар мен прекурсорлар жойылады, үй мемлекет кірісіне алынады. Үкім әлі күшіне енген жоқ.
RUS