280

Ресейде қазақ рэперінің концерттері жаппай тоқтатылды

Рэпердің концерттері «есірткі насихаты» туралы іспен тұспа-тұс тоқтатылды.

Ресейде қазақ рэперінің концерттері жаппай тоқтатылды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейде қазақстандық рэпер Ганвесттің бірқатар концерттері тоқтатылып, гастроль кестесіне өзгерістер енгізілді.

Ресейлік БАҚ дерегінше, Барнаулдағы концерт мүлде өтпейді, Томск қаласындағы шоу кейінге шегерілген, сондай-ақ Архангельскідегі концерттің де болмайтыны хабарланды. Ұйымдастырушылар ресми себептерін жарияламады.

Алайда концерттердің жаппай тоқтатылуы Ресейде әртіске қатысты «есірткіні насихаттау» тақырыбы бойынша әкімшілік іс қозғалғаны туралы ақпараттармен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл жөнінде, атап айтқанда, «Лига безопасного интернета» ұйымының басшысы Екатерина Мизулина мәлімдеген. Оның айтуынша, ұйым өкілдері рэпердің шығармашылығына бұған дейін де назар аударған.

Бірқатар жарияланымдарда жағдайды «Русская община» қозғалысының белсенділігімен де байланыстырады. Қозғалыс өкілдері Ганвестің ән мәтіндерін сынға алып, түрлі мемлекеттік органдарға арыз-шағым жолдағаны айтылып жүр. Дегенмен концерттердің тоқтатылуына билік немесе құқық қорғау органдары тарапынан ресми түсіндірме берілген жоқ.

Ганвест – Ақтаудан шыққан рэпер, шын есімі – Руслан Гоминов. Ол интернетте кең тараған «пэпэ», «шнейне», «фа», «втфа» тіркестері арқылы танымал болған. 2025 жылдың соңында ол «Что было дальше?» бағдарламасына қатысқан.

Айта кетейік, биыл қаңтарда Ресейде қазақстандық комик Нұрлан Сабыровтың да концерттері жаппай тоқтатылған еді. Ақпанда Сабыров Мәскеудің Внуково әуежайында ұсталып, оған Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны хабарланған. БАҚ бұл шешімді «арнайы әскери операцияны сынау» және көші-қон мен салық заңнамасына қатысты күдікпен байланыстырған.

Осы фон аясында кейбір басылымдар Ганвестің де Ресейдегі гастрольдік қызметі дәл осындай сценариймен шектелуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда бұл жөнінде әзірге ресми растау жоқ.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор