220

Қарағандыда қар астынан 12 иттің қалдығы салынған қаптар табылды

Жан түршігерлік дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қарағандыда қар астынан 12 иттің қалдығы салынған қаптар табылды
instagram.com/priyt_koshkin_dom_krg

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды қаласында қар арасынан 12 иттің қалдықтары салынған екі қап табылды. Оқиға туралы ақпаратты жануарларды қорғаумен айналысатын Қарағанды зооқорғау бірлестігі таратты.

Волонтерлердің мәліметінше, қорқынышты табылған заттар қаланың Кирзавод шағын ауданында анықталған. Қаптардың ішінде 12 итке тиесілі қалдықтар болған. Қалған бөліктер табылмаған.

Жануарларды қорғаушылардың айтуынша, қалдықтардың қанша уақыт бойы далада жатқанын анықтау әзірге мүмкін емес. Аталған аумақта бейнебақылау камералары жоқ, маңайда тұрғын үйлер де орналаспаған.

Белсенділер учаскелік полиция қызметкері кинолог шақыруға уәде бергенін, сондай-ақ ресми арыз қабылданып, тиісті материалдар тіркелгенін хабарлады.

Оқиғаға байланысты Қарағанды облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 316-бабы – «жануарларға қатыгездік көрсету» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі таңда барлық мән-жай анықталып жатыр, тергеу жалғасуда.

Әлеуметтік желілерде тұрғындар бұл жағдайға қатты алаңдап, кінәлілерді тез арада анықтап, жауапкершілікке тартуды талап етуде.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор