332

Марқұм Арман Дүйсеновтің әйелі баспанасын қайтарып алды

Сот бірінші инстанцияның шешімін жоққа шығарып, ұлы мен күйеуінен айырылған Айсұлу Алпысбаева баспанасын қайтарды.

Марқұм Арман Дүйсеновтің әйелі баспанасын қайтарып алды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қалалық соты бірінші инстанцияның шешімін жоққа шығарып, Айсұлу Алпысбаеваны, оның кәмелетке толмаған ұлын және қарт әкесін үйден шығару туралы шешім күшін жойды. Осылайша, марқұм композитордың отбасы өз баспанасын иеленіп қалды. Бұл туралы 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасы жеткізді.

Дау марқұмның 21 жастағы ұлы Абылай Дүйсенов қайтыс болғаннан кейін басталған. Әкесінің қарыздарын жабу үшін ол Санжар есімді танысынан ақша алған, ал пәтер кепілге қойылған. Кейіннен Абылаймен пәтерді сату туралы келісімшарт жасалғаны белгілі болды, бірақ сома нарықтық бағадан әлдеқайда төмен болған.

2025 жылғы қазан айында Бостандық аудандық соты Айсұлу Алпысбаеваны, оның ұлын және әкесін үйден шығару туралы шешім шығарғанымен, Айсұлу бұл шешімге қарсы апелляциялық шағым түсірді.

Адвокат Тілеужан Кішкенебаев түсіндіргендей, «Алып-сату шарты тек формалды түрде жасалған. Абылай пәтерді сатуды ойламаған, тек жылжымайтын мүлікті кепілге қойып, қарыз алу туралы келісім жасаған».

Қалалық сот сатып алу-сату мәмілесін жарамсыз деп танып, алғашқы инстанцияның шешімін жойды. Сот отырысында екінші тараптың өтініші бойынша түсірілім мен аудиожазба жүргізуге тыйым салынды. Пәтерге үміткер Санжар пікір білдіруден бас тартты.

Айсұлу Алпысбаева сот шешімімен толық разы екенін айтып, адвокаттарына алғысын білдірді: «Менің құқықтарым толық қорғалды. Баспана­мызды сақтап қалуға үлес қосқан барша азаматтарға алғысым шексіз».

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор