Қостанайда ер адам әйелі мен өз ұлын өлтіргені үшін өмір бойына сотталды
Отбасылық жанжал қайғылы қылмысқа ұласып, ер адамға ең ауыр жаза тағайындалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай облысының Аманқарағай ауылы тұрғыны жұбайы мен кәмелетке толмаған ұлын өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Қылмыстық істі Қостанай облыстық соты жанындағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот қарады. Ер адамға екі адамды, оның ішінде кәмелетке толмаған баласын өлтірді деген айып тағылды.
Сотта белгілі болғандай, қылмыс 2025 жылғы 29 қыркүйекке қараған түні болған. Айыпталушы үйінде жұбайымен жанжал туындағаннан кейін, отбасындағы жағдайды күш қолдану арқылы «шешпек» болған. Қайғылы оқиға кезінде араша түскен баласы да қаза тапқан. Жұбайы да алған жарақатынан сол жерде көз жұмған.
Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыны кінәлі деп танып, ерекше қауіпсіздік режиміндегі мекемеде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші тарап соттан жазаны жеңілдетуді өтініп, сотталушының әке екеніне назар аударды. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындамай, жақындарын өлтіру ниеті болмағанын, сол сәтте күйзеліске түскенін айтты.
Сот Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша кінәні дәлелденген деп танып, істің қоғамдық қауіптілік деңгейін, қылмыстың сипатын және айыпталушының жеке басын ескере отырып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы