Таразда қыз баланы құтқарған азамат әкімнен 500 мың теңге алды
Қызды аялдамада тұрған уақытта екі адам күштеп көлікке отырғызбақ болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Тараз қаласының тұрғыны 13 жастағы қызды ұрлап кетуден құтқарып қалғаны үшін Жамбыл облысының әкімі қолынан 500 мың теңгелік сертификат алды.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының тұрғыны Нұркен Омаровты қабылдап, оған алғыс хат пен 500 мың теңгелік ақшалай сертификат табыстады.
Кездесу барысында өңір басшысы ерлік танытқан азаматқа облыс тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.
«Сіздің батыл әрі жедел әрекетіңіз ауыр салдарға әкелуі мүмкін жағдайдың алдын алды. Бұл — жоғары жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның айқын көрінісі. Осындай қадамдар қоғамда қауіпсіздік пен өзара сенім мәдениетін қалыптастырады және заңға деген құрметті күшейтеді. Батылдығыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын», — деді әкім.
Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев Нұркен Омаровтың ата-анасына ұл тәрбиесіндегі еңбегі үшін алғыс жеткізуді өтінді.
Өңір әкімдігі жауапты құрылымдарға оның әлеуметтік жағдайын ескере отырып, тұрақты жұмыспен қамту мәселесін қарастыруды тапсырды.
Өз кезегінде Нұркен Омаров бұл әрекетін ерлік деп санамайтынын айтты.
«Қыздың қатты қорқып тұрғанын байқадым. Бір сәт те ойланбастан көмектесуге асықтым. Мұны марапатқа лайық іс емес, азаматтық әрі әкелік парызым деп білемін», — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Тараз қаласында 13 жастағы қызды бейтаныс адамдар күштеп алып кетпек болғаны туралы ақпарат тараған еді. Әлеуметтік желіде қызды көлікке отырғызуға әрекет жасаған сәт бейнеленген видео жарияланған.
Полиция күдіктілерді ұстағанын, ал сот олардың қамауға алынуына санкция бергенін хабарлаған. Кейін қызды құтқарып қалған адам Нұркен Омаров екені анықталып, ол бұған дейін Жамбыл облысы полиция департаменті тарапынан да марапатталған.
Материал авторы