Ұлттық ұлан ұшқышы әуеде 900 сағат болған: Берікболсын Хабиболланың қызмет жолы
Ұшқыш Түркия мен Сириядағы жер сілкіністерінен кейін гуманитарлық рейстерге қатысқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ІІМ Ұлттық ұланы құрамындағы 3656 әскери бөлімде қызмет ететін ұшқыш, әуе кемесінің командирі Берікболсын Хабиболла әуе кеңістігінде 900 сағаттан астам ұшып, жауынгерлік және гуманитарлық тапсырмаларды орындап келеді.
Ол – ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 3656 әскери бөлімі авиациялық экипажының командирі.
Болашақ ұшқыш кәсіби жолын ерте бастаған. 9-сыныптан кейін ол Астана қаласындағы ұшқыштарды даярлайтын оқу-техникалық мектепте алғашқы теориялық және практикалық даярлықтан өтті. Кейін білімін Азаматтық авиация академиясы базасында жалғастырды.
Оқу барысында Берікболсын Хабиболла халықаралық тағылымдамадан өтіп,
Латвия, Литва, Эстония, Германия және Испания елдерінде ұшқыштық даярлықтан өтті.
Ұшқыштың айтуынша, авиация – қателікке жол бермейтін сала.
«Аспан тәртіпті, сабырды және толық дайындықты талап етеді. Әрбір ұшу бұрынғыдан да мұқият болуға үйретеді. Кабинаға отырған сәттен бастап сен әуе кемесімен біртұтас механизмге айналасың», – дейді ол.

Берікболсын Хабиболланың қызметі тек оқу-жаттығулармен шектелмейді.
Ол Түркия мен Сирия аумағында болған жойқын жер сілкіністерінен кейін Қазақстан Президентінің тапсырмасымен гуманитарлық операцияларға тартылған.
3656 әскери бөлімінің авиациялық экипажы құрамында ол апат аймақтарына алты мәрте гуманитарлық жүк жеткізу рейсін орындаған.
Төтенше жағдай кезіндегі қызметі мен батылдығы үшін майор Берікболсын Хабиболла «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Айта кетейік, 3656 әскери бөлімінің ұшқыштары бөлім құрылғаннан бері 100 мыңнан астам адамды және 8 миллион тоннадан астам жүкті тасымалдаған.
Ұлттық ұланның авиациясы бүгінде мемлекеттің қауіпсіздігі мен гуманитарлық миссияларын қамтамасыз ететін маңызды күшке айналып отыр.
