Ресейлік жойғыш ұшақ күтпеген жерден Атырау әуежайына кеп қонған
Ұшқыш бағытынан жаңылғанын айтып, оған медициналық көмек көрсетілген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 20 ақпан күні таңғы уақытта Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы аумағына көпмақсатты жойғыш ұшақ шұғыл қонуға мәжбүр болды. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы жазды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, ұшақты Дмитрий Нифантьев басқарған. Ол – Белорецк қаласының тумасы.
Борт әскери-оқу тапсырмасы аясында Каспий теңізі үстінде ұшу жаттығуын орындап жүрген. Ұшу барысында ұшқыш бағдарын жоғалтып алғаны хабарланды. Осыдан кейін әуе кемесін Атырауда шұғыл қондыру туралы шешім қабылданған.
Қону штаттық режимде өткен. Әуежай жұмысына және тұрақты рейстердің орындалуына кедергі келмеген. Ұшақ жерде небәрі қысқа уақыт қана тұрған. Ұшқышқа медициналық көмек көрсетілген.
Барлық рәсімдер мен келісімдер аяқталған соң әуе кемесі Қазақстан аумағынан шығып, Ресей бағытына ұшып кеткен.
Оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр. Қазіргі сәтте ресми кеңейтілген түсініктеме берілген жоқ.
Материал авторы