Атыраулық әйел Ақтау әуежайына кастет алып өтпек болған
Кастетпен ұсталған жолаушыға сот айыппұл салды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қаңтар айында Ақтау әуежайында қауіпсіздік тексерісінен өту кезінде әйел адамның сөмкесінен кастет табылды. Тергеу материалдарына сәйкес, тыйым салынған затты алып өтпек болған азаматша Атырау қаласының 41 жастағы тұрғыны.
Оқиға Ақтау халықаралық әуежайы ғимаратына кіреберісте болған. Рентген-сканер қара түсті әйелдер сөмкесінің ішінен кастетті көрсеткен. Полиция қызметкерлері оны дереу тәркілеген.
Ақпаратқа сәйкес, кастет соққы-таяқша сипатындағы суық қару ретінде сараланған. Аталған дерек бойынша әйелге қатысты қаруды заңсыз сақтау және алып жүру фактісімен қылмыстық теріс қылық туралы хаттама толтырылған.
Іс Ақтау қалалық сотында қаралды. Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындаған. Бұл жағдай жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот шешімімен әйелге 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындалды. Бұл — 86 500 теңге. Сонымен қатар, одан Жәбірленушілерге өтемақы қорына 21 625 теңге өндірілді.
Материал авторы