Павлодардағы сот орындаушыларының жетекшісі сотталды
Жоғары лауазымды шенеунік мас күйінде көлік жүргізген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының өңірлік филиалының басшысы мас күйінде көлік басқарғаны үшін сотпен жауапқа тартылды. 41 жастағы азамат 21 ақпанда түнгі уақытта кроссовер жүргізіп жүрген жерінен ұсталды.
Медициналық сараптама оның орташа дәрежеде мас екенін растады. Сотта ол кінәсін толық мойындап, көлікке отырмас бұрын көп қымыз ішкенін айтқан.
Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі арнайы аралас ауданаралық соты оны «Алкогольдік мас күйде көлік басқару» бабы бойынша кінәлі деп танып, 15 тәулікке қамауға алды. Сондай-ақ, сот 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды. Қамау мерзімі 21 ақпан сағат 04:45-тен есептеледі.
Материал авторы