Түркістандағы колледж жатақханасында қыздарға жігіттердің бөлмесін тазалатқан (ВИДЕО)
Студент қыздар ерлерге арналған бөлмелерді жинауға мәжбүрлегенін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан қаласындағы Түркістан көпсалалы индустриялық-техникалық колледжі жатақханасында студенттер мен әкімшілік арасында жанжал туындады.
Жатақханада тұратын қыздардың айтуынша, тексеріс қарсаңында қызметкерлер олардан тек өз бөлмелерін ғана емес, ер балалардың блоктары мен санитарлық тораптарын да тазалауды талап еткен.
Студент қыздар бұл талапты әділетсіз әрі ар-намысты қорлайтын әрекет деп бағалап отыр. Олардың сөзінше, тазалық сақтаудан бас тартпаған, бірақ жігіттер тұратын бөлмелер мен дәретханаларды жинау – өздеріне міндеттелмеуі тиіс.
Қыздардың мәлімдеуінше, талапқа көнбегеннен кейін жатақхана әкімшілігі тарапынан қысым күшейген. Олар «тәртіпке бағынбады» және «бүлік шығарды» деген уәжбен оқудан тыс қалдыру немесе жатақханадан шығару қаупі айтылғанын жеткізді.
Сонымен қатар жатақхана қызметкерлері студент қыздардың ата-аналарына хабарласып, қыздарының «тәртібі» туралы шағым айтқан.
Оқушылар өз бөлмелерінде тазалық сақтауға дайын екенін, алайда ерлерге арналған аумақтарды жинастыруға мәжбүрлеу заңды да, этикалық та емес екенін атап өтті.
Оқиға қоғамда резонанс туғызып, жатақханадағы тұрмыс жағдайы мен студенттердің құқықтарының сақталуына қатысты тексеру жүргізілуі мүмкін екені айтылуда.
Колледж басшылығы әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Материал авторы