Түркістанда студент қыздарды ұлдардың бөлмесін тазалауға мәжбүрлегендер жазаланды
Арнайы комиссия жатақханада тексеріс жүргізді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан қаласындағы колледж жатақханасында студент қыздарды жігіттердің бөлмесін жинауға және санитарлық тораптарды тазалауға мәжбүрлеу дерегі бойынша жауапты тұлғалар тәртіптік жазаға тартылды.
Мәселеге қатысты түсініктемені ҚР Оқу-ағарту министрлігінің жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау комитеті берді. Ведомство мәліметінше, жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жүйесіндегі білім басқармасы арнайы жұмыс тобын құрып, жатақханада тексеріс жүргізген.
Комитеттің хабарлауынша, тексеру барысында барлық мән-жай анықталған.
«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмаған білім алушыларды қандай да бір жұмысқа мәжбүрлеуге, сондай-ақ оларға қысым көрсетуге жол берілмейді. Бұл – баланың құқықтарын бұзу және балалар еңбегін пайдалануға тыйым салу талаптарына қайшы», – делінген ресми ақпаратта.
Тексеру қорытындысы бойынша жауапты қызметкерлерге тәртіптік шара қолданылып, сөгіс жарияланған. Сонымен қатар студенттермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Материал авторы