Әйелін мүгедек етіп, балаларына теріс тәрбие берген ер адам ата-ана құқығынан айырылды
Бес бала арнайы орталыққа орналастырылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавл қаласында туған балаларын жүйелі түрде ұрып-соқты деп айыпталған ер адам ата-ана құқығынан айырылды. Сот шешіміне сәйкес, ол енді өз балаларына жақындай алмайды.
Іс материалдарына сәйкес, көпбалалы ана өткен күзде күйеуінен көрген зорлық-зомбылық туралы айтып, өзіне және бес баласына көмек сұраған. Әйел соңғы бірнеше жыл бойы соққы көріп келгенін, денсаулығына ауыр зиян келгенін мәлімдеген. Осы деректер бойынша ер адамға әкімшілік іс қозғалып, ол бес тәулікке қамалған.
Кейін Петропавл қаласының білім бөлімі ата-аналардың бала тәрбиесіне салғырт қарағанын анықтап, істі сотқа жолдаған. Істі үш ай бойы қараған мамандандырылған сот балаларды ата-анасынан бөлек орналастыру жөнінде шешім шығарды.
Тергеу барысында балалардың анасының да оларды қараусыз қалдырғаны белгілі болып, сот екі ата-анаға да ата-ана құқығынан айыру шарасын қолданды.
«Барлық мән-жайды анықтаған соң, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотқа әке мен ананы ата-ана құқығынан айыру туралы талап арыз түсірдік. Сот өтінішімізді қанағаттандырды», – деді қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Сабина Баскенова.
Қазіргі уақытта бес бала балаларды қолдау орталығына орналастырылған. Мамандардың айтуынша, олардың жағдайы тұрақты.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тараптар апелляциялық тәртіппен шағым түсіруге құқылы.
Материал авторы