«Кембридж курстарынан «Мақсатты мектепке»: Еліміздегі білім реформаларының кемшілігі аталды
Мұғалімге ақша үшін емес, шығармашылық үшін баға берілуі тиіс дейді білім саласының құрметті қызметкері.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, ҚР ОАМ Қоғамдық кеңесінің мүшесі Өмір Шыныбекұлы Facebook парақшасында Қазақстандағы соңғы 15 жылдағы білім реформалары туралы өз пікірін білдірді.
Оның айтуынша, 2010 жылдары енгізілген «Кембридж технологиясы» бастамасы бастапқыда мұғалімдердің деңгейлік курстарын оқып, жалақысына қосымша пайыз алуға бағытталған еді. Дегенмен, жүйе тілге қарамай, дайын емес мұғалімдерге де курсты өткізуге мүмкіндік берді. Кейін 2016 жылы бұл бағдарлама «Жаңартылған оқу бағдарламасына» ауыстырылып, қысқа мерзімді жоспар (ҚМЖ) жаңа шаблонымен енгізілді.
Өмір Шыныбекұлы атап өткендей, авторлық бағдарламаларды жазу арқылы педагогтық санатқа қол жеткізу тәжірибесі біліктілікті бағалаудан гөрі коммерцияға айналды. Сонымен қатар, «Мақсатты мектеп» жобасы да бюджет қаражатының нақты қайда жұмсалғаны белгісіз болып, мұғалімдерге қосымша бюрократиялық қысым тудырды.
Маман білім жүйесін түзету үшін бірнеше ұсыныс береді: өңірлік білім басқармаларын Оқу-ағарту министрлігінің құзіретіне беру, ҚМЖ-дан еркіндік беру, бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету, авторлық бағдарламаларды сатуды тоқтату, ұлттық тестілеуді цифрлық бақылауға алу және мұғалім даярлаудың сапасын арттыру.
«Білім реформалары төменнен жоғарыға, мұғалімдердің тәжірибесі мен қажеттіліктерін ескере отырып жүргізілуі тиіс. Қазіргі жүйе есеп беру машинасына айналып отыр», – деп қорытындылады Өмір Шыныбекұлы.