Маңғыстауда ҰҚК-нің бұрынғы басшы орынбасары 500 мың доллар бопсалағаны үшін сотталды
Кәсіпкерге қысым жасау үшін қызметтік деректер заңсыз пайдаланылған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында Ұлттық қауіпсіздік органдарының бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері мен оның сыбайласына қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша үкім шықты.
Сот мәліметінше, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүйесінде басшылық қызмет атқарған бұрынғы шенеунік пен Ақтау халықаралық әуежайы акционерлік қоғамының экс-аудиторы жергілікті кәсіпкерден 500 мың АҚШ долларын бопсалады деп танылған.
Істі Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты қарады.
Сот материалдарына сәйкес, бұрынғы департамент басшысының орынбасары 2023 жылдың тамыз айында Ақтау қаласындағы белгілі кәсіпкерге қатысты компромат жинау схемасын ұйымдастырған. Ол бұл іске әуежайдың сапаны бақылау жөніндегі экс-аудиторын тартып, негізгі «байланысшы» ретінде пайдаланған.
Тергеу деректеріне қарағанда, күдікті өзінің қызметтік мүмкіндіктерін пайдаланып, кәсіпкер мен оның жақын туыстары туралы жеке деректерді заңсыз жинаған. Кейін кәсіпкерге тоғыз беттен тұратын «досье» жіберілген. Құжатта оның отбасы мүшелерінің дербес мәліметтері мен шындыққа жанаспайтын салықтық және экологиялық заңбұзушылықтар туралы ақпарат болған.
Сотта анықталғандай, деректер арнайы қызметтің ішкі ақпараттық жүйесі арқылы алынған. Осыдан кейін кәсіпкерге телефон арқылы қысым жасалып, «мәселені шешудің» бағасы ретінде 500 мың доллар талап етілген.
2023 жылғы 26 қазанда ақша беру сәті полиция бақылауымен өткізілген. Кәсіпкер Ақтау әуежайы маңына таксимен келіп, белгісіз көлікке пакет тастаған. Күдіктілер сол мезетте ұсталған.
Сот тергеуі барысында бұрынғы шенеуніктің компьютерінен деректерді жоюға тырысқаны белгілі болды. Алайда сараптамалар досье мәтінін оның өзі дайындағанын, ал қорқыту қоңырауларындағы дауыстың экс-аудиторға тиесілі екенін растады. Сонымен бірге аноним қоңырауларға арналған телефон сатып алынғаны қаржылық іздер арқылы дәлелденген.
Сот үкімімен ҰҚК-нің бұрынғы полковнигі 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол әскери атағынан айырылып, мемлекеттік қызметте, жергілікті атқарушы органдарда, ұлттық қаржы құрылымдарында және квазимемлекеттік секторда өмір бойы қызмет атқару құқығынан шеттетілді.
Ал іс бойынша екінші фигурант – экс-аудитор 8 жылға сотталды.
Сотталғандардан жәбірленуші кәсіпкердің пайдасына 500 мың теңге материалдық шығын және 1 миллион теңге моральдық өтемақы өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы