352

Германияда қайтыс болған экс-судьяның өліміне қатысты тергеу уақытша тоқтатылды

Қазақстан мен Ресей арасындағы хат алмасу жалғасып жатыр.

Германияда қайтыс болған экс-судьяның өліміне қатысты тергеу уақытша тоқтатылды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Германияда қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаева өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша тергеу күдіктілерге халықаралық іздеу жариялануына байланысты уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

Брифинг барысында журналистер марқұмның жұбайы Александр Донцовтың Қазақстанға экстрадициялану мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойды. Қазіргі таңда Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцоваға халықаралық іздеу жарияланған.

Санжар Әділовтің айтуынша, іс бойынша тергеу амалдары күдіктілерге іздеу жариялануына байланысты уақытша тоқтатылған. Қазақстан тарапы бұл мәселе бойынша Ресеймен тұрақты байланыста.

«Бұл қылмыстық іс бойынша тергеу күдіктілерге іздеу жариялануына байланысты уақытша тоқтатылды. Қазір Ресей тарапымен белсенді хат алмасу жүріп жатыр. Ал өзге мемлекеттермен құқықтық өзара іс-қимыл жасау мәселесі тек Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы құзыретіне жатады. Тиісті шешімді уәкілетті орган қабылдайды», – деді ол.

Еске салайық, 2024 жылғы маусымда қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германия аумағында, Бенсхайм қаласының маңынан табылған.

Оған дейін марқұмның Германияда жоғалып кеткені хабарланған. Ол Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең қызын балабақшаға апарғаннан кейін, байланысқа шықпаған.

Қылмыстық іс аясында тұрғын үйде тінту жүргізіліп, кейін марқұмның күйеуі мен енесі күдікті ретінде іздеуге жарияланған.

2025 жылы Айгүл Сайлыбаеваның туған ағасы Қанат Сайлыбаев күдіктілердің Мәскеуде ұсталғанын хабарлаған еді. Алайда кейін Қазақстанның құзырлы органдары Ресей тарапы күдіктілерді Қазақстанға беруден бас тартқанын мәлімдеді.

Материал авторы