306

Айзат Жұманованың өлімі: Сот үкімі апелляцияда қайта қаралды

Айзат Жұманованы азаптап өлтірді деген күйеуі үкімге шағымданған еді.

Айзат Жұманованың өлімі: Сот үкімі апелляцияда қайта қаралды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облыстық сотында Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағым қаралып, бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Сот алқасы марқұм Айзат Жұманова ісі бойынша шығарылған үкімді күшінде қалдырды.

Сот отырысында жәбірленуші тараптың өкілі, адвокат Арман Шәріпов сотталушы Айбар Жанболат әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігіне қайта саралауды сұрады.

Ал қорғау тарапы өз ұстанымын өзгеше білдірді. Сотталушының қорғаушысы Жанат Сарқытов істі неғұрлым жеңіл бапқа ауыстыруды өтінді.

«Қорғалушымның әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігіне қайта саралап, заң аясында жаза тағайындауды сұраймын. Себебі оның адам өлтіруге бағытталған қасақана ниеті болмаған, өлім абайсызда орын алған», – деді адвокат.

Істі қараған судья Айдын Жұрханов апелляциялық сатыда істі қосымша тергеуге қайтару заңда көзделмегенін атап өтті.

«Апелляциялық сот іс материалдарын тек айып тағылған бап шеңберінде қарайды. Бұл іс бойынша барлық дәлелдер ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігіне толық сәйкес келеді», – деді ол.

Судьяның айтуынша, аталған бап бойынша жаза мерзімі 7 жылдан 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруды көздейді. Сотталушының бұрын сотты болмауы ескеріліп, оған 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Сонымен қатар апелляциялық алқа жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық зиянды өндіру туралы шешімді де өзгеріссіз қалдырды.

Еске салайық, 2025 жылдың жазында Жетісу облысының Ақсу ауданы аумағында жас әйелдің қаза тапқаны туралы ақпарат тараған болатын. Марқұмның туыстары оның өлімі зорлық сипатында болғанын айтып, қылмысқа күйеуін күдікті ретінде атады. Ал ер адам әйелінің өлімі өзге жағдайға байланысты болғанын мәлімдеген.

2025 жылғы қазан айының соңында бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, 27 қарашада сот процесі басталды. Прокурор айыпталушыға 15 жыл жаза сұраған.

Ал 2026 жылғы 9 қаңтарда сот айыпталушыны 14 жылға бас бостандығынан айырды. Апелляциялық алқа осы үкімді заңды күшінде қалдырды.

Материал авторы