Алматыда қоғам белсендісі Оразалы Ержанов қамауға алынды
Конституция жобасын сынаған Оразалы Ержановтың ұсталғаны хабарланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда қоғам белсендісі Оразалы Ержанов ұсталып, әкімшілік қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жөнінде КазТАГ жазды.
Журналист Гүлжан Ерғалиева әлеуметтік желідегі парақшасында белсендінің жұбайына сілтеме жасап, оның түнде ұсталғанын, үйінде тінту жүргізілгенін және 10 тәулікке қамауға алынғанын жазды.
«Оразалы Ержановты түнде алып кеткен, үйін тінткен. 10 тәулікке қамауға алған. Себебі әзірге белгісіз», – деп жазды журналист.
Оразалы Ержановтың ұсталғанын Қазақстанның адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы да растады.
Ұйым таратқан мәліметке сәйкес, Ержанов қазір Elge Qaitaru қоғамдық қорының құрылтайшысы әрі басшысы. Қор елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару ісіне атсалысады.
Бұған дейін ол әр жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі төрағасының орынбасары, Қаржы вице-министрі, Қазпошта басқарма төрағасы, Қазақстан Халық банкі басқарма төрағасының орынбасары, KEGOCвице-президенті және Наурыз банк басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.
Құқық қорғау ұйымдарының дерегінше, қамауға алудың нақты себебі әзірге ресми түрде жарияланбаған. Алайда Оразалы Ержанов соңғы уақытта Конституция жобасын және референдумды жедел өткізу бастамасын ашық сынаған тұлғалардың қатарында болған.
КазТАГ редакциясы бұл оқиғаға байланысты Алматы қалалық полиция департаментіне ресми сұрау жолдаған.
Материал авторы