348

Ақтөбеде 80 жастағы әжені ұрып-соғып, тонап кеткен ер адам сотталды

Әже соғыс ардагерінің қызы екені белгілі болды.

Ақтөбеде 80 жастағы әжені ұрып-соғып, тонап кеткен ер адам сотталды
ЖИ иллюстрациясы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе қаласында сот 80 жастағы әйелдің үйіне заңсыз кіріп, күш қолданып тонаған 34 жастағы ер адамға үкім шығарды. Бұл туралы Диапазон басылымы жазды.

Сот материалдарына сәйкес, күдікті қылмысты алдын ала жоспарлаған. Үйге кіру үшін ол танысынан терезені қағып беруін сұраған. Танысы оның нақты ниетін білмей, өтінішін орындап, оқиға орнынан кеткен.

Үйге кірген соң ер адам қарт әйелден ақша талап етіп, қорқытып-үркіткен. Кейін үй ішін тінтіп, күміс сақинаны, марапаттары мен ордендерін, 15 мың теңгені, кеңестік рубльдерді, банк картасын, ұялы телефон мен әшекей бұйымдарды алып кеткен.

Тергеу дерегінше, ұрланған заттардың жалпы құны небәрі 118 мың теңгені құраған. Жәбірленушінің үйінде бағалы дүние немесе ірі жинақ болмаған.

Жәбірленуші – Ұлы Отан соғысы ардагерінің қызы. Оқиғадан кейін оның психологиялық жағдайы күрт нашарлап, жиі жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған. Әйел өз үйінде жалғыз қалудан қорқатынын сотта айтқан.

Ұрланған марапаттардың ішінде «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі де болған. Бұл медаль оған 21 жасында өзенге батып бара жатқан үш адамды құтқарып, сол жерде өзі қаза тапқан ұлының құрметіне табысталған.

Сотта жәбірленуші бұдан бұрын да алаяқтардың құрбаны болғанын жеткізді. Он жылдан астам уақыт бұрын белгісіз адамдар телефон арқылы оның ұлы ұсталғанын айтып, алдап соққан. Ол кезде ұлының қайтыс болғанына бірнеше жыл өткен.

Күдікті шабуыл жасалған күні-ақ ұсталған. Сот барысында ол кінәсін мойындамай, әйелді көшеде кездейсоқ көргенін және оның өзі көмек сұрағанын алға тартқан.

Алайда тергеу мен сот қылмысты дәл осы адамның жасағанын анықтады. Сот үкімімен ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Материал авторы