300

Ресейде рэпер моншада ер адамды соққыға жығып, iPhone алған

Сот рэпердің кешірім сұрағанына қарамастан үкім шығарды.

Ресейде рэпер моншада ер адамды соққыға жығып, iPhone алған
instagram.com/therealguf

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейде танымал рэпер Гуф (шын аты — Алексей Долматов) моншадағы жанжал кезінде ер адамды соққыға жығып, оның телефонын алып кеткені үшін кінәлі деп танылды.

Үкімді Наро-Фоминск қалалық соты шығарды. Сот шешіміне сәйкес, рэперге бір жыл шартты жаза тағайындалды.

Сот отырысында Долматов соңғы сөзінде жәбірленушіден және журналистерден кешірім сұраған. Соған қарамастан, сот оны кінәлі деп танып, істі «тонау» бабынан «өз бетімен әрекет ету» бабы бойынша қайта саралады.

Айыптаушы тарап рэперге екі жыл шартты жаза тағайындауды сұраған. Ал қорғау тарапы жәбірленушіге келтірілген шығын өтелгенін және айыпталушылар кешірім сұрағанын алға тартып, қылмыстық істі тоқтатуды талап еткен.

Алайда сот бұл уәждерді қабылдамады.

Үкім жарияланғаннан кейін Долматов шешіммен келіспейтінін мәлімдеп, апелляция беретінін айтты.

«Үкімді мүлде әділ деп санамаймын. Біз істің тоқтатылуын күткен едік. Шағым түсіреміз», – деді ол журналистерге.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 2024 жылдың қазан айында рэпер мен оның танысы – Геворк Саруханян – монша кешенінде жанжал шығарып, әкімшінің ағасын соққыға жыққан. Оқиға кезінде жәбірленушінің iPhone телефоны алынған.

Жанжал Малые Горки ауылы аумағындағы моншада болған. Қақтығыс жәбірленушінің рэперді ұялы телефонға түсіруінен кейін басталған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор