Ақмола облысындағы дәмханадағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
Жарылыстан 26 адам жарақат алды, 7 адам қаза тапты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысындағы дәмханалардың бірінде болған жарылыс салдарынан зардап шеккендердің жағдайы туралы дәрігерлер мәлімет берді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сәйкес, төтенше жағдай кезінде барлығы 26 адам зардап шеккен. Оқиға салдарынан 7 адам көз жұмған. Оның бесеуі оқиға орнында, тағы екеуі жансақтау бөлімінде қайтыс болған.
Ведомство мәліметінше, бастапқыда 15 адам ауруханаға жеткізілген. Қазіргі таңда 13 науқас стационарда ем қабылдап жатыр. Тағы алты адам дәрігерлік тексерістен және қажетті медициналық көмектен кейін амбулаториялық бақылауға жіберілген.
Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің негізгі жарақаты – әртүрлі деңгейдегі, аумағы мен зақымдану тереңдігі әрқилы термиялық күйіктер.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек науқастардың қазіргі жағдайын нақтылады.
Алты адам ауыр халде облыстық ауруханаға жатқызылған. Ал Щучинск қаласында төрт науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы – ауыр, тұрақсыз және тасымалдауға жарамсыз деп бағаланған.
Сол қаладағы травматология бөлімінде жағдайы тұрақты үш науқас ем алып жатыр. Ал жеңіл, үстірт күйік алған тағы жеті адам амбулаториялық бақылауға алынған.
Дәрігерлер барлық науқастың жағдайы тұрақты медициналық бақылауда екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Щучинск қаласындағы дәмханада газдың жарылуы салдарынан алты адам қаза тапқаны хабарланған еді. Кейін қаза болғандар саны жетіге жеткені белгілі болды. Сондай-ақ зардап шеккен алты адамды Көкшетау қаласындағы ауруханаға ауыстыру жоспарланғаны айтылған.
Материал авторы