Павлодар облысында зейнеткер әйелді тырмамен ұрып өлтірген
Алқабилер қылмыс дәлелденді деп тауып, ер адам сотталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысы аумағында егде жастағы ауыл тұрғынын өлтіру дерегі бойынша сот үкімі шықты. 35 жастағы ер адам әйелді тырмамен самай тұсынан ұрып, өліміне себепкер болғаны үшін сотталды. Бұл туралы irbis.tv арнасы жеткізді.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың сәуір айында Сарышығанақ ауылы аумағында болған.
Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушы туысының үйіне қонаққа келіп, өзге адамдармен бірге ішімдік ішкен. Түнгі уақытта ол мен жәбірленуші әйел арасында сөзге келіспеушілік туындаған.
Мемлекеттік айыптаудың дерегінше, жанжал кезінде ер адам үйдің кіреберісінен тырма алып келіп, әйелдің самай тұсынан ұрған. Салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындамады.
Іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Алқабилер қылмыстың жасалғанын дәлелденді деп танығанымен, сотталушының адам өлтіруге тікелей ниеті болмаған деген қорытындыға келген.
Үкімді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айнура Юсупова жариялады.
Сот шешімімен ер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару мекемесінде 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен бірге сот сотталушыны жәбірленуші тарапқа 7 миллион теңге көлемінде моральдық зиянды өтеуге міндеттеді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы