Алматыда кафе сусынынан уланған ер адам ауруханаға түсті (ВИДЕО)
«Компот» деп жеткізілген сусын ішкен ер адам жансақтау бөлімінен бір шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласында ер адам кафеден жеткізілген сусынды ішкеннен кейін улану белгілерімен ауруханаға түсті. Оқиға туралы оның туысы – Саодат Жураева әлеуметтік желіде хабарлаған.
Оның айтуынша, балалары тамаққа тапсырыс берген кезде бірге «компот» деп ұсынылған сусын да жеткізілген. Сусыннан бір жұтым ғана алған күйеу баласының өңеші мен асқазаны химиялық күйікке ұшыраған. Ер адам сұйықтықты бірден түкіріп үлгергенімен, бет терісі де зақымданған.
Куәгердің сөзінше, науқастың жағдайы ауыр болған, ол жансақтау бөліміне жеткізілген. Әйел бұл жағдайдың кез келген адамға, соның ішінде балаға да төнуі мүмкін екенін атап өтті.
Ал Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, науқас Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасы мекемесіне «анықталмаған затпен улану» диагнозымен түскен. Дәрігерлер өңештің екінші дәрежелі химиялық күйігі мен терінің бірінші дәрежелі химиялық күйігін тіркеген.
Пациент профильдік бөлімшеге жатқызылған. Қазіргі таңда жағдайы тұрақты, теріс динамика жоқ. Медициналық көмек қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес толық көлемде көрсетіліп жатыр, науқас мамандардың тұрақты бақылауында.
Материал авторы