Щучинскідегі жарылыстан кейін бес отбасының несиесі толық өтелетін болды
Жарылыстан қаза тапқандардың отбасыларына қолдау күшейтілді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, трагедиядан кейін Щучинск қаласында қаза тапқан азаматтардың отбасыларына қосымша қолдау көрсетіледі. Ақмола облысының әкімдігі демеушілер қаражаты есебінен бес отбасының барлық несиесін толық өтеу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Еске салайық, 26 ақпанға қараған түні қаладағы дәмханалардың бірінде жарылыс болып, артынша өрт шыққан. Қайғылы оқиға салдарынан жеті адам қаза тапты, тағы 28 адам жарақат алды. Зардап шеккендердің төрті ауыр хәлде жатыр. Бірқатар науқас Көкшетау қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізілген.
Оқиға орнында жедел штабтың көшпелі отырысын өткізіп, жағдайды жеке бақылауына алған облыс әкімі Марат Ахметжанов азаматтардың қауіпсіздігі – аймақ билігінің абсолютті басымдығы екенін атап өтті.
«Зардап шеккен отбасылардың барлығына жан-жақты көмек көрсетіледі», – деді өңір басшысы.
Әкімдік мәліметінше, бүгінгі күнге дейін атқарылған нақты шаралар:
алты отбасыға біржолғы 2 млн теңгеден төленді;
дәмхана иесі де қаза тапқан отбасыларға 2 млн теңгеден қосымша өтемақы берді;
бес отбасының несиелері демеушілер есебінен толық жабылады;
мемлекеттік әлеуметтік төлемдер тағайындалды;
медицина қызметкерлерінің тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, жарылыстың себептерін жан-жақты және әділ тексеру, сондай-ақ қоғамдық тамақтану нысандарындағы қауіпсіздік талаптарына бақылауды күшейту жөнінде тапсырма берілді.
Материал авторы