Иранға жасалған шабуылға байланысты Air Astana рейстері кері бұрылды
Ұшақтар тоқтап, билеттер тегін қайтарылып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Таяу Шығыстағы қауіпсіздік ахуалының күрт шиеленісуіне байланысты Air Astana бірқатар халықаралық рейстерін әуежайларға кері қайтарды. Әуекомпанияның мәліметінше, қауіпсіздік талаптарына сәйкес бағыттар уақытша өзгертіліп, кей рейстер ұшып шыққан әуежайына қайта оралған.
Кері қайтарылған рейстер қатарында Алматы – Медина (KC263), Алматы – Дубай (KC897), Алматы – Доха (KC653), сондай-ақ Астана – Дубай бағытындағы KC205 және KC207 бар. Бұған қоса, Алматы – Дубай бағытындағы KC899 рейсі Делиге, ал FlyArystan әуе компаниясының Ақтау – Дубай бағытындағы FS7617 рейсі қосалқы әуежайға қонуға мәжбүр болды.
28 ақпанда Таяу Шығысқа жоспарланған өзге рейстер де уақытша тоқтатылды. Әуекомпания жолаушыларға ұшу кестесін қайта тексеруді және әуе тасымалдаушысының ресми арналары арқылы жаңартылған ақпаратты қадағалап отыруды ұсынды.
Компанияның хабарлауынша, Жидда, Медина және Дубай бағыттарына алынған билеттерді 6 наурызға дейін айыппұлсыз қайта брондауға немесе толық қайтаруға болады. Бұл шешім жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және күтпеген жағдайлардан туындайтын шығынды азайту үшін қабылданған.
Материал авторы