Абай облысында көлік ішінде отырған екі адам қаза тапты
Полиция марқұмдардың денесінен зорлық белгісін анықтамаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысы аумағында жеңіл көліктің ішінде отырған екі адам көмірқышқыл газынан уланып, көз жұмды. Оқиға бойынша тексеріс басталды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, марқұмдар қозғалтқышы қосулы тұрған, есігі іштен жабылған көліктің салонында болған.
Құқық қорғау органдары зорлық белгілерін анықтамаған. Алдын ала қорытынды бойынша, екі адамның өліміне көмірқышқыл газынан улану себеп болған.
Қазіргі таңда бұл дерекке қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Процессуалдық шешім тексеру нәтижесінен кейін қабылданады.
Оқиғаға байланысты Абай облысы полиция департаменті тұрғындарға көлік құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Әсіресе жабық немесе нашар желдетілетін орындарда қозғалтқышты қосулы күйде қалдыру аса қауіпті екені атап өтілді.
Материал авторы