301

Астанада сатылған пәтерлерді қайта сатып, тұрғындарды 8 млрд теңгеге алдаған топ ұсталды

«Qyran» тұрғын үй кешеніне қатысты алаяқтық әшкере болды.

Астанада сатылған пәтерлерді қайта сатып, тұрғындарды 8 млрд теңгеге алдаған топ ұсталды
2gis.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана қаласында бір топ адам тұрғын үй нарығында ірі алаяқтық схеманы іске асырған. Олар «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі бұрыннан сатылып кеткен пәтерлерді екінші рет рәсімдеп, азаматтарды алдап, ақшаны өз есепшоттарына аударған.

Ақпаратқа сәйкес, күдіктілер өздерін құрылыс компаниясының қызметкерлері ретінде таныстырып, сатып алушыларға сенім ұялатқан. Мәселе Бас прокуратура таратқан ресми мәліметте расталды.

Тергеу нұсқасына сай, олар International Invest Company IIC ЖШС атынан әрекет еткен. Азаматтарға пәтерлердің макеттерін, техникалық паспорттарын және басқа да құжаттарды көрсетіп, жылжымайтын мүлікті нарықтағы бағадан төмен ұсынып отырған.

Алайда сатып алу-сату шартының орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын «брондау», «кепілге қою» және «алдын ала келісімшарт» түріндегі құжаттар жасалған. Нәтижесінде адамдар заңды құқығын растай алмайтын қағаздарға қол қойып, ірі көлемде қаржысынан айырылған.

Алдын ала дерек бойынша, күдіктілер осындай жолмен азаматтардан 8 миллиард теңгеден астам қаражат алған.

Соттың санкциясымен жалпы құны 7,4 миллиард теңге болатын жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салынды. Үш күдікті қамауға алынып, тағы бір адам кепілмен босатылған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор