457

Астанада мектеп директоры мен бухгалтері мемлекет қаржысын 600 млн теңгеге жымқырған

Astana English school ісі бойынша ауыр үкім шықты.

Астанада мектеп директоры мен бухгалтері мемлекет қаржысын 600 млн теңгеге жымқырған
facebook.com/mikhail.kozachkov

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана қаласындағы №81 мектептің директоры мен бас бухгалтері оқу орнын жеке табыс көзіне айналдырып, мемлекетке небәрі бірнеше жыл ішінде шамамен 600 миллион теңгеге жуық залал келтірген. Бұл деректі Facebook парақшасында журналист Михаил Козачков жариялады.

Іс бойынша үкім Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жарияланды.

Сот материалдарына сәйкес, Astana English school директоры болған 65 жастағы Гүлнар Садықова мен осы мекеменің 41 жастағы бас бухгалтері Айжан Атжанова бірнеше жыл бойы түрлі заңсыз схемалар арқылы табыс тапқан.

Тергеу барысында мектепте «өлі жандар» схемасы қолданылғаны анықталды. Алты адам қағаз жүзінде жұмысқа алынғанымен, оқу орнына мүлде келмеген. Олардың жалақысын директор өзі иемденіп отырған. Бұл эпизод бойынша келтірілген шығын 28 миллион теңгеден асады.

Сонымен қатар мектепте лицензиясы бола тұра, директор нөлдік сыныптарды заңсыз ашып, ата-аналардан ақшаны тек қолма-қол жинаған. Осы жолмен келтірілген залал 300 миллион теңгеден асып кеткен.

Ұқсас схема жазғы лагерьлер арқылы да іске асырылған. Тергеу дерегінше, бұл бағыттағы төлемдер де тек қолма-қол қабылданған. Қаржылық мониторинг органдарының есебінше, осы эпизодтан кемінде 24 миллион теңгезаңсыз табыс түскен.

Мектеп шетел тілдерін оқытуға бейімделгендіктен, шетелдік мұғалімдер жоғары жалақымен жұмысқа тартылған. Алайда сол қаржының едәуір бөлігі директордың жеке пайдасына кеткен. Алдын ала есеп бойынша, бұл бағыттағы сома 70–75 миллион теңгеге жуық.

Қаржылық операциялардың негізгі бөлігі бухгалтер арқылы жүргізілген. Тергеу мәліметінше, оның есепшоттары арқылы 175 миллион теңге өткен. Бұл деректерді Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі растаған.

Сотта екі айыпталушы да кінәні ішінара мойындап, нөлдік сыныптар мен лагерьлерден түскен ақшаны мектептің қажеттілігіне жұмсағанын алға тартқан.

Алайда судья Асель Мукушева айыпталушылардың қызмет бабын асыра пайдаланғаны, аса ірі көлемде қаражат жымқырғаны және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастырғаны толық дәлелденді деген қорытындыға келді.

Сот үкімімен Гүлнар Садықова 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның 500 шаршы метрлік особнягі, 10 қымбат сөмкесі және көптеген зергерлік бұйымдары тәркіленді.

Айжан Атжанова 7 жылға сотталды. Одан автокөлік пен коммерциялық жылжымайтын мүлік мемлекет пайдасына алынды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор