193

Семейде «кезексіз пәтер» деген желеумен 5 млн теңге алған ерлі-зайыпты ұсталды

Жәбірленуші қаражатты күдіктілердің банк шотына аударған.

Семейде «кезексіз пәтер» деген желеумен 5 млн теңге алған ерлі-зайыпты ұсталды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семей қаласында тұрғын үйді заңсыз жолмен рәсімдеп береміз деп уәде еткен ерлі-зайыптыға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Polisia.kz порталы жазды.

Полицияға Семей қаласының 36 жастағы тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, 2025 жылғы тамыз айында ол 56 жастағы әйел мен оның 59 жастағы жұбайының банк шотына 5 миллион теңге аударған.

Күдіктілер жәбірленушіні «мемлекеттік бағдарлама арқылы кезексіз пәтер алып беруге көмектесеміз» деп сендірген. Алайда уәде орындалмаған, ал берілген қаражат кері қайтарылмаған.

Аталған дерек бойынша адамдар тобы жасаған ірі көлемдегі алаяқтық фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілерге бұлтартпау шарасы ретінде келу міндеттемесі қолданылды.

Полиция өкілдері азаматтарды тағы да сақ болуға шақырды.

«Мемлекеттік тұрғын үй, әлеуметтік төлемдер немесе жеңілдіктерді заңнан тыс жолмен рәсімдеп береміз деген кез келген ұсыныс – қылмыстық жауапкершілікке апаратын тікелей жол. Делдалдарға сенбеңіздер және ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріңіздер», – деп ескертті құқық қорғау органдары.

Материал авторы