Талғарда жеті баланың әкесін өлтіріп кетті: Күдікті жұбайы мен енесі
Жанжалға жылқы ұрлығы туралы арыз себеп болуы мүмкін.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талғар қаласында жеті баланың әкесі қатыгездікпен өлтірілді. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамға 30-дан астам пышақ жарақаты салынған. Қылмыс бойынша күдік марқұмның жұбайы мен енесіне түсіп отыр.
Адвокаттар — Асылбек Әбдірайымов пен Жандос Палмановтың айтуынша, қанды оқиға 14 ақпанда болған. Қазір іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 7-тармағы («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған кісі өлтіру») бойынша тергеліп жатыр.
Қорғаушылардың мәліметінше, қақтығысқа марқұмның полицияға жылқы ұрлығы жөнінде арыздануы түрткі болуы мүмкін. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұған дейін ер адамның жұбайының жылқыларды ұрлап, сатып жіберуге қатысы бар екені анықталған. Осы жағдай отбасылық жанжалға ұласқан болуы ықтимал.
Адвокаттардың сөзінше, шабуыл ер адам ұйықтап жатқан сәтте жасалған. Марқұмның артында жеті баласы қалған.
Оқиғаға қатысты пікір білдірген Алматы облысының полиция департаменті қылмыстың тұрмыстық сипаттағы жанжал кезінде жасалғанын растады.
Полицияның хабарлауынша, күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Материал авторы