100 млн теңгелік жүлде: Рыбакина турнирді небәрі 10 минутта жеңіп алды
Отандық теннисші АҚШ-тағы жарысты қысқа матчпен ұтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, теннисші Елена Рыбакина АҚШ-та өткен коммерциялық Tie Break Tens турнирінде жеңіске жетті. Ол америкалық серіктесі Тейлор Фрицпен бірге финалда қарсыластарын небәрі он минуттың ішінде тізе бүктірді.
Шешуші матчта қазақстан-америкалық дуэт АҚШ жұбын — Аманда Анисимова мен Лёрнер Тьенді 10:7 есебімен жеңді.
Турнир жолында Рыбакина мен Фриц бірнеше жұлдызды жұпты артта қалдырды. Ширек финалда олар италиялық тандемді — Жасмин Паолини мен Маттео Берреттиниді 10:5 есебімен ұтса, жартылай финалда Ига Швёнтек пен Каспер Рууд жұбына 10:3 есебімен мүмкіндік қалдырмады.
Жарыс АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтті. Бұл турнирдің басты ерекшелігі – форматында: сегіз аралас жұп ATP және WTA жұлдыздарынан жасақталады, ал матчтар 10 ұпайға дейінгі тай-брейк жүйесімен өтеді. Осы себепті жеңімпаз бірнеше сағаттың ішінде анықталады.
2026 жылғы жүлде қоры 200 мың АҚШ долларын, яғни шамамен 100 млн теңгені құрады.
Сондай-ақ, Рыбакина Индиан-Уэллсте өтетін WTA 1000 Indian Wells санатындағы турнирдің жекелей сынында да өнер көрсетеді. Қазақстанның бірінші ракеткасы жоғары рейтингінің арқасында жарысты бірден екінші айналымнан бастайды. Ол алғашқы матчында колумбиялық Эмилиана Аранго мен америкалық Хейли Баптист арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.
Материал авторы